SteppeNews.kz: Қазақстан БҰҰ жүйесінде жаңа мәртебеге ие болды. Алматыда БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) аясында Цифрлық шешімдер жөніндегі Азия-Тынық мұхиты орталығы құрылады. ҚР Жасанды интеллект және Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше бұл шешім Бангкокта өткен комиссияның 82-сессиясында қабылданды. Резолюцияны 52 ел қолдады, бұл бес жылдан астам уақытқа созылған келіссөздердің нәтижесі.

Орталық ЭСКАТО-ның алтыншы институты болады. Мұндай құрылымдар Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан және Иранда жұмыс істеп тұр. Қазақстан мұндай БҰҰ алаңын алғаш рет алып отыр.
Жаңа орталық мемлекеттік қызметтер мен қоғамдық сервистерге арналған цифрлық шешімдерді жинаумен және таратумен айналысады. Орталық Азия елдері мен технологияларға қолжетімділік шектелген аймақтың басқа да мемлекеттеріне баса назар аударылады. Қазақстанның ЭСКАТО жанындағы Тұрақты өкілі Марғұлан Баймұхан атап өткендей, резолюцияның қабылдануы мемлекеттік органдар мен халықаралық серіктестердің ұзақ уақыт бойы атқарған бірлескен жұмысының жемісі болды.
Орталықты Алматыдағы UN Plaza ғимаратына орналастыру жоспарлануда. Ол ЭСКАТО-ның ұқсас құрылымдарының ішіндегі ең ірісі болуы мүмкін және шамамен 130 маманға есептелген.
Орталықтың құрылуы Қазақстан үшін халықаралық сараптама мен жаңа технологияларға жол ашады. Алматы үшін бұл өңірлік ынтымақтастықтағы рөлін нығайтуды білдіреді. Қала Азия және Тынық мұхиты елдері арасында цифрлық шешімдермен алмасу жобаларына қатысатын болады. Сондай-ақ, бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағытымен тығыз байланысты.
