STEPPENEWS.KZ: Қазақстан ақылы еңбек демалысының ұзақтығы бойынша әлемдегі үздік 15 елдің қатарына енді. World Population Review деректеріне сәйкес, рейтинг 186 елді қамтыған.
Қазақстанда қызметкерлердің жыл сайынғы ақылы демалысы орта есеппен 40 күнді құрайды. Оның ішінде ең төменгі көрсеткіш — 24 күн, ал кейбір салаларда демалыс мерзімі 56 күнге дейін жетеді. Сонымен қатар, мемлекеттік мерекелер де ақылы демалыс күндері ретінде есептеледі.
ТМД елдері арасында Ресей көш бастап тұр, ал Қазақстан екінші орында. Одан кейін Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстан орналасқан.
Әлемдік рейтингте алғашқы орындарды Иран (53 күн), Кирибати (46 күн) және Буркина-Фасо (45 күн) иеленді. Германия бұл тізімде 78-орында тұрса, Ұлыбритания — 89-орында, Қытай — 122-орында. Ал АҚШ заңнамада міндетті ақылы еңбек демалысы қарастырылмағандықтан, рейтингке енгізілмеген.

