Қазан айында Қытай Халық Республикасы Алтынкөл мемлекетаралық түйіспесі арқылы қабылдайтын пойыздардың санын азайтқан. Осыған байланысты, Қазақстан мен Қытай шекарасында 3 мың вагон жиналып қалған.
«Қазақстан Темір Жолы» компаниясының мәліметіне сүйенсек, бұл уақытша әрі мәжбүрлі шаралар.
«Қытай Халық Республикасы Алтынкөл мемлекетаралық түйіспесі арқылы бұрын 14 пойыз қабылдаса, қазан айында 10 пойыз, ал жекелеген күндері 6 пойыз ғана қабылдады. ҚХР уәкілетті органдары Үрімші және Бейжің қалаларында сынамаларды іріктеу мен зертханалық талдауды қоса алғанда, астық жүктерін терең тексеріп жатыр. Тексеру 5-тен 10 күнге дейін созылады», — деп хабарлайды ҚТЖ.
Сондықтан, Қытайға қарай жүк тиеп шыққан 3 000 вагон қозғалыссыз қалған.
«Инфрақұрылымның тұрақты және қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ контейнерлік пойыздарда тасымалданатын жекелеген экспорттық астық жүктеріне тәулігіне үш құрамнан аспайтын уақытша шектеу енгізуге мәжбүр», — деп хабарлайды ҚТЖ.
