SteppeNews.kz: 55 жастағы астаналық мұғалім Айгүл Ержанова 13,5 тонна тартатын автобусты сүйреп, әлемдік рекорд иесі атанды. Рекорд елордада №1 автобус паркінің қолдауымен тіркелді. Кәсіпорын сынаққа автобус ұсынған, деп хабарлайды SteppeNews.kz Kazinform-ға сілтеме беріп.
Айгүл Ержанова №50 мектепте жұмыс істейді. Оның айтуынша, мұндай қадамға бапкері Айбар мен оның досы Ержан шабыт берген. Сонымен қатар, ол мектеп бітіруші түлектерге қолдау білдіруді мақсат еткен.
«Мен жастарға мақсатқа нық сеніммен ұмтылу керегін көрсеткім келді. Адам өз арманына сеніп, соған жету үшін еңбек етсе, бәрі де мүмкін», – дейді ол.
Өткен жылы Айгүл Ержанова жалпы салмағы сегіз тонна болатын екі пикапты 57 метрге сүйреп, рекордтар кітабына енген еді. Бұл жолы ол өз нәтижесін жаңартуды көздеді.
Global Best of Records ұйымының өкілі Қуандық Құдайбергеновтің айтуынша, бұған дейін де осындай жетістіктер тіркелген. Алайда 50 жастан асқан әйелдер арасында мұндай салмақтағы автобусты сүйреу бойынша рекорд алғаш рет тіркеліп отыр.
Айгүл Ержанова автобусты 14 метрге дейін сүйреп апарған. Ұйым талаптарына сәйкес, экстремалды санаттағы рекордты тіркеу үшін кемінде 10 метр жүру жеткілікті.
Бұған дейін ол Каирде өткен пауэрлифтингтен әлем чемпионатында екі алтын медаль жеңіп алған.
