STEPPENEWS.KZ: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше,
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының балет труппасы Сингапурдағы Ұлттық университеттің (NUS) Мәдени орталығы сахнасында табысты өнер көрсетті.
Аталған гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – қазақстандық балет өнерін халықаралық деңгейде кеңінен таныту және мәдени байланыстарды нығайту.
Концерттік бағдарлама екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде классикалық балет өнерінің жауһарлары – П. И. Чайковскийдің «Аққу көлі», Л. Минкустың «Дон Кихот» және Х. Лёвенсхольдтың «Сильфида» балеттерінен үзінділер ұсынылды. Әлемдік балет репертуарының алтын қорына енген бұл қойылымдар көрерменге классикалық мектептің жоғары деңгейін паш етті.
Екінші бөлім атақты «Кармен-сюитаға» арналды. Жорж Бизе мен Родион Щедрин музыкасына жазылған бұл драмалық әрі эмоцияға толы балет өз экспрессиясымен, сахналық мінезі мен пластикалық шешімдері арқылы көрерменді баурап алды.
Спектакльден кейін сингапурлық көрермендер өз әсерлерімен бөлісіп, қазақстандық әртістердің орындау шеберлігін жоғары бағалады. Олар таза техника, музыкалық материалды дәл әрі терең жеткізу, сондай-ақ сахна мәдениетінің жоғары деңгейін атап өтті. Көпшілік көрермен қойылымды жетекші әлемдік театрлардың гастрольдік спектакльдерімен салыстырып, оң пікір білдірді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының бұл гастролі Қазақстан мәдениетінің халықаралық аренадағы беделін арттырып, ұлттық өнердің әлеуетін тағы бір мәрте айқындай түсті.

