STEPPENEWS.KZ: 4 ақпан — Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні. Бұл дата адамзаттың басты дертіне айналған қатерлі ісікпен күресуге және халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) дерегінше, онкологиялық аурулар әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Жыл сайын әлемде 20 миллионға жуық жаңа жағдай тіркеліп, 10 миллионға жуық адам осы дерттен көз жұмады. Қазақстанда онкологиялық науқастардың саны 200 мыңнан асты. Дегенмен, медицинаның дамуы арқасында ерте кезеңде (I-II сатыда) анықталған ісіктердің 90%-дан астамы толық емделуге мүмкіндік береді. Соңғы статистика бойынша, елімізде бес жылдан астам өмір сүретін науқастардың үлесі 55%-ға жетті.
Ғалымдар мен онкологтар бұл дерттің алдын алу үшін өмір салтын өзгертудің маңыздылығын алға тартады. Қатерлі ісіктің 30-50%-ы зиянды әдеттерден (темекі, алкоголь), дұрыс емес тамақтанудан және қоршаған ортаның әсерінен туындайды. Мамандардың негізгі кеңесі: жылына бір рет скринингтік тексеруден өту, физикалық белсенділікті сақтау және артық салмақтан арылу. Ерте диагностика мен заманауи иммунотерапия әдістері бүгінде онкологияны жазылмайтын дерттен созылмалы, бақылауға болатын аурулар санатына өткізді.

