STEPPENEWS: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ауқымды реформалар жалғаса беретінін мәлімдеді. Президенттің айтуынша, соңғы жылдары жүзеге асырылған терең саяси өзгерістер жаңа бастамалармен толықпақ.
Президент өз Жолдауында бірпалаталы Парламент құру туралы бастама көтергенін атап өтті. Бұл қадам елде жүргізіліп жатқан жүйелі реформалардың жалғасы болмақ. Бұл бастама бойынша нақты шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданады.
Егер азаматтар бұл ұсынысты қолдаса, Қазақстан Республикасының Ата заңына көптеген өзгеріс енгізіледі. Мемлекет басшысы алдағы түзетулердің ауқымын ескере отырып, бұл қадамның маңызы жаңа Конституция қабылдаумен тең болатынын айтты.
«Біз прогрессивті ұлт ретінде болашаққа сеніммен қараймыз. Алдымызда биік мақсаттар тұр», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру, толыққанды Цифрлық мемлекет құру, энергетика мен ауыл шаруашылығын дамыту басты басымдықтар қатарында екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл міндеттер бір күнде орындалмайды, алайда ортақ мүдде жолында күш біріктірсек, барлық мақсатқа қол жеткізуге болады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Астананың ел дамуындағы айрықша рөліне тоқталды. Президенттің пікірінше, елорда әрдайым ауқымды бастамалардың алдыңғы қатарында болып, барлық салада өңірлерге үлгі көрсетуі тиіс.
«Барлық белгіленген міндеттер уақытылы әрі сапалы орындалуы қажет», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

