STEPPENEWS.KZ: Алматы облысы Қаскелең қаласында мектепте үзіліс кезінде 9-сынып оқушысы қайтыс болды. Қайғылы оқиға 21 қаңтар күні Қарасай ауданындағы білім беру мекемелерінің бірінде тіркелген.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімнің кенеттен жағдайы нашарлаған. Мектеп әкімшілігі дереу жедел жәрдем шақырған. Дегенмен дәрігерлер реанимациялық шаралар жүргізгеніне қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмаған. Ол оқиға орнында көз жұмған.
Білім бөлімі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, бұл жағдай бүкіл мектеп ұжымы үшін ауыр қайғы екенін мәлімдеді.
Қазіргі таңда оқиғаға байланысты тексеру және тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқушының денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысы бойынша өлімнің нақты себебі анықталмақ. Қайтыс болған оқушы 15 жаста болғаны белгілі.

