«Қазгидромет» қараша айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Дереккөзге сүйенсек күздің соңғы айында күн райы құбылмалы болады.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, айдың алғашқы күндерінде солтүстік циклонның әсерінен елдің басым бөлігінде жауын-шашын, қар аралас жаңбыр жауады. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде қар жауып, боран соғады.
Батыс өңірлерде
Айдың алғашқы онкүндігінде түнгі температура +2…+7°С-тан -2…-7°С-қа дейін төмендейді, күндіз +10…+18°С жылы болады. Онкүндіктің соңында +15…+25°С-қа дейін жылы райы болады.
Солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда
Қарашаның ортасында түнде -7…-15°С, күндіз -2…-10°С суық болады.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде
Ауа райы құбылмалы болады. Түнде 0…-5°С, кей жерлерде -13°С дейін төмендеп, күндіз 0…+8°С шамасында болады. 7 қарашадан кейін күн +5…+15°С дейін жылы қалпын сақтайды
Айдың екінші және үшінші онкүндігінде
Температура түнде -10…-18°С, күндіз -8°С дейін төмендейді. Ең суық күндері түнде -20°С, күндіз -10°С шамасында болуы ықтимал.
Батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс жартысында күндіз +8…+18°С дейін жылынатын кезеңдер байқалады. Жалпы, қараша айында Қазақстан бойынша орташа ауа температурасы нормадан шамамен 1°С жылы болады деген болжам бар.

 
