Қазақстанның басқа өңірлері арасында Қарағанды облысы бірінші болып Талдау мектебін бастады. Іріктеуден өткен 30 үміткер қарашадан бастап білім алады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей жазды.
«Бүгінгі таңда мемлекет қуаты жер қойнауындағы байлықпен емес, жас буынның ақыл-ой әлеуетімен өлшенеді. Өйткені елдің ертеңін айқындайтын күш – жаңа идея тудыра алатын, жасампаз ұрпақтың қолында. Осы міндетті жүзеге асыратын жаңа білім кеңістігі – Талдау мектебі. 5 жыл бойы еліміздің қуатты әрі инновациялық дамуына ықпал етіп, бейстандарт стратегияларды құруға қабілетті мамандардың жаңа буынын қалыптастырып келе жатқан бірегей мектеп өңірлерді де қамтымақ. Игі бастама ең алғаш болып Қарағанды облысында жүзеге аспақ», — деп жазды әкімнің орынбасары.
Осы ретте ол Қарағанды өңіріне осындай сенім білдірген Сенат спикері Мәулен Әшімбаевқа алғыс айтқан.
«Талдау мектебі – ізденіс пен ойлы ұрпақтың жаңа алаңы. Community қатарына 35 жасқа дейінгі кез-келген маман қосыла алады. Өтінімдер 4 қараша, сағат 19:00-ге дейін қабылданады. Құжаттар [email protected] электронды поштасына жіберу керек», — деп хабарлайды әкімнің орынбасары.
Өтінім берген адам оған қоса:
- түйіндеме;
- диплом көшірмесі немесе ЖОО-нан анықтама;
- мотивациялық және ұсыныс хаттар;
- аналитикалық материалдарға сілтеме (болған жағдайда) қоса жіберу керек.
Қосымша ақпарат Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының ресми аккаунтында жарияланады.
Жалпы, дереккөзге сүйенсек, іріктеу нәтижесінде ең үздік 30 үміткер анықталып, 8 қарашадан бастап оқуға кіріседі. Осылайша қатысушылар деректерді талдау, қоғамдық үрдістерді бағамдау, саясат пен әлеуметтік саланың өзекті мәселелерін саралау дағдыларын меңгермек.
