Қаржы орталығы мемлекет есебінен білім алған, алайда жолдама бойынша жұмыс істемеген әйелді сотқа беріп, сотта жеңіп шықты.
Қарағанды соттарының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, келіншек 2017 жылы магистратурада білім алған. Қаржы орталығы оның біліміне 528 мың теңге жұмсаған. Оқуы аяқталғаннан кейін келіншек жолдама бойынша жеке кәсіпкерлікке жұмысқа тұрған.
«Жауапкер ол жеке кәсіпкерлікте 2019 жылы үш ай ғана жұмыс істеген. Бұл мерзім оның еңбек өтіліне енді. Бірақ, келісімшарт бойынша ол әлі біраз уақыт жұмыс істеу керек еді», — деп хабарлайды сот.
Қаржы орталығы бірінші сатыдағы сотта, яғни, 2025 жылдың 14 мамырында соттан жеңіліп қалған. Ол шешімді қабылдаған сот әйелдің жолдама алған кезде жүкті болғанын, кейін босанып, балала болғанын ескерген.
«Бірақ, Қаржы орталығы апелляцияға беріп, жеңіп шықты. Қандай жағдай болмасын, мемлекет есебінен білім алған адам жолдама бойынша жұмыс істеу керек немесе мемлекет ақшасын қайтару керек. Сот Қаржы орталығы есебіне 528 мың теңге оқу ақысы мен 409 мың теңге айыппұлды өндіріп берді», — деп хабарлайды сот.
