29 қазанда Қарағанды облысы әкімдігі халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» бірлестігі және Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Екі ұйым мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтық сананы оятып, кітап оқу мәдениетін дамыту тапсырмаларын орындау мақсатында облыста бастау алған «Тұлпар мініп, ту алған» байқауына қолдау білдірді.
Бұл бастама – мемлекет, қоғам және білім ордаларының ортақ мұраты мен ынтымағын айқындайтын маңызды қадам. Байқау жеңімпазы Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің білім грантын иеленсе, ұстазы — «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы» ұсынған автокөлікке ие болады. Мұндай қолдау оқушылардың білімге, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, шәкіртін жетістікке жетелеген мұғалімдерге де ерекше шабыт сыйлайды.
Байқауға облыстың 13 өңірінен 4 138 оқушы қатысуға өтінім берген. Жарыс екі кезеңнен тұрады:
- І кезең — аудандық / қалалық,
- ІІ кезең — облыстық.
Байқаудың басты мақсаты — мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ұлттық құндылықтарды, қазақ халқының салт-дәстүрі мен рухани мұрасын дәріптеу.
Іс-шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, «Халықаралық Қазақ тілі қоғамының» президенті Рауан Кенжеханұлы және
Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті ректорының міндетін атқарушы Алмас Орынбеков қатысты.
Меморандумға қол қою — Қарағанды облысында қазақ тілін дамыту, жастардың рухани және мәдени тәрбиесін күшейту жолындағы маңызды қадам болды.
Қатысушылар мемлекеттік тілдің беделін арттыруға және ұлттық сана мен рухты жаңғыртуға бағытталған бірлескен бастамалардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
