STEPPENEWS.KZ: Бүгін қаңтар айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу басталып, ол 10 ақпанға дейін жалғасады. ҰБТ-ға 187 мыңға жуық талапкер өтініш берген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп. Олардың 75,2%-ы қазақ тілінде, 24,6%-ы орыс тілінде, ал 189 адам ағылшын тілінде тест тапсыруды таңдаған.
Талапкерлер өтініш беру кезінде тестілеудің күні, уақыты және пунктін өздері таңдады.
Ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы – «Математика–Физика» (19,2%). Одан кейін «Биология–Химия» (16,9%) және «Шығармашылық емтихан» (9,7%) пәндері тұр. Бұл бағыттарды таңдағандар болашақта инженерлік, медициналық және шығармашылық мамандықтарды меңгеруді көздейді.
ҰБТ барысында калькулятор, Менделеев кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу жүйесінде қолжетімді болады. Тестілеу аяқталған соң талапкерлер 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция нәтижесі шыққаннан кейін сертификат жеке кабинетте жарияланады.
2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және екі бейіндік пән тапсырады. Барлығы 120 тапсырма беріледі, ең жоғары балл – 140. Тестілеу уақыты 4 сағат (240 минут), ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут қарастырылған.
Қаңтардағы ҰБТ-ға өткен жылдардың мектеп пен колледж түлектері, шартты түрде жоғары оқу орындарына қабылданғандар, оқу бағытын ақылы негізде өзгерткісі келетіндер, шетелде білім алған ҚР азаматтары және мектеп бітіруші түлектер ақылы негізде оқуға түсу үшін қатыса алады.

