Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен Alatau Rise With Kazakhstan Forum аясында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қазақстандық Alatau City жобасын таныстырды.
Форумға Қазақстан тарапынан Alatau City дамыту кеңесінің мүшелері – Caspian Group төрағасы Юрий Цхай және жобаның инвестициялық серіктесі, Alatau City Bank-тің жалғыз акционері Вячеслав Ким қатысты.
Alatau City – еліміздің жаңа экономикалық және технологиялық орталығы болуға бағытталған ауқымды жоба. Қаланың жалпы ауданы 88 мың гектар және ол толықтай Арнайы экономикалық аймақ мәртебесіне ие. Мұнда корпоративтік табыс, жер және мүлік салығынан босату сияқты бірқатар салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ қала аумағында сатылатын тауарларға ҚҚС нөлдік мөлшерлемесі қолданылады.
Қыркүйек айында Президенттің Жарлығымен Алатау қаласына «жедел дамитын қала» мәртебесі берілді. Қаланың дамуын үйлестіретін стратегиялық орган ретінде Премьер-министр басқаратын дамыту кеңесі құрылған.
Қанат Бозымбаев форумда сөйлеген сөзінде Кореямен электроника, жаңартылатын энергия, медицина, білім және цифрландыру салаларында әріптестікті кеңейтуге зор мүмкіндік бар екенін атап өтті.
«Қазір Кореяның 800-ден астам компаниясы Қазақстанның барлық өңірлерінде табысты жұмыс істеп жатыр. Біз өзара тиімді ынтымақтастыққа ашықпыз және сіздерді ұлттық Alatau City жобасына қатысуға шақырамыз», – деді ол.
Форум аясында екі елдің мемлекеттік және іскер құрылымдары бірқатар меморандумдарға қол қойды. Олардың қатарында:
- ҚР Энергетика министрлігі мен GGGI (Global Green Growth Institute);
- ҚР Көлік министрлігі, Korea Airports Corporation және AAAG;
- Алматы облысының әкімдігі мен RETD компаниясы.
Сонымен қатар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, KAIST (Кореяның ғылым және технологиялар институты) және Alatau City Bank арасында Қазақстанда жаңа университет құру туралы келісім жасалды.
Сапар барысында Қанат Бозымбаев Корея Парламенті депутаттарымен, Сауда және энергетика министрі Ким Джунг Кванмен, сондай-ақ KITA төрағасы Юн Джин Сикпен келіссөздер жүргізді.
Тараптар екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың серпінді дамып келе жатқанын атап өтті. 2024 жылы Корея Республикасы Қазақстанның инвестиция көлемі бойынша үшінші, ал сауда серіктестері арасында оныншы орынға шыққан.