STEPPENEWS.KZ: Алматы қаласында туберкулезбен күрес бойынша жүргізіліп жатқан кешенді шаралар өз нәтижесін беруде. Қаланың туберкулезге қарсы қызметінің 2025 жылғы 12 айдағы қорытындысы бойынша барлық негізгі көрсеткіштер орындалып, аурушаңдық деңгейінің төмендегені тіркелді.
Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының кезекті жұмыс кеңесінде штаттан тыс бас фтизиатр Жанар Сапиева мәлімдеді. Жиынға ҚДСБ басшысы Марат Пашимов пен қалалық медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мәліметке сәйкес, туберкулезбен аурушаңдық 15,9%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 18 жағдайды құрады. Ал өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 21,5 болған. Балалар арасындағы аурушаңдық та 2,2%-ға азайып, 100 мың балаға шаққанда 4,4 жағдай тіркелді.

Емдеу тиімділігі жоғары деңгейде сақталып отыр. Мамандар бұл медициналық көмектің сапасы мен пациенттердің емге бейілділігінің артқанын көрсетеді. Емге бейілділікті қолдау мақсатында амбулаториялық кезеңде науқастарға жергілікті бюджет есебінен ай сайын 12 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, «Туберкулез» гранты аясында үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетіп келеді.
Маңызды нәтижелерге қол жеткізуде ҚДСБ-ның Фтизиопульмонология орталығының мониторинг және бағалау бөлімі де үлкен рөл атқаруда. 2025 жылы 155 мониторинг және 42 қашықтан мониторинг жүргізілген. Бұдан бөлек, қаладағы медициналық ұйымдарда жұмыс істейтін 835 медицина қызметкері оқытудан өтті.
Жұмыс кеңесі барысында акушерлік-гинекологиялық және педиатриялық көмектің сапасын бағалау, жастар денсаулық орталықтарының қызметі, сақтандырылмаған азаматтарға көрсетілетін медициналық көмек, сондай-ақ мемлекеттік емханалардың call-орталықтарының жұмысы да талқыланды.
Мамандардың айтуынша, кешенді тәсіл мен күшейтілген бақылау Алматы қаласында туберкулезбен күрестегі оң динамиканы сақтауға мүмкіндік беріп отыр.

