STEPPENEWS.KZ: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен құрылған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты денсаулық сақтау саласындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға бағытталып отыр. Бұл қаржы алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарын, көпбейінді ауруханаларды, мамандандырылған орталықтарды, сондай-ақ жедел медициналық көмек инфрақұрылымын салу және жаңғыртуға жұмсалуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында атап өткендей, Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жалпы құны 482 млрд теңгені құрайтын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысанның, оның ішінде 183 медициналық мекеменің құрылысы аяқталған немесе жалғасуда.
2024 жылдан бастап денсаулық сақтау нысандарын салу және жаңғырту мақсатында Арнаулы мемлекеттік қордан 148,3 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда, 2024 жылы – 66,3 млрд теңге, ал 2025 жылы – 82 млрд теңге бағытталды.
Сонымен қатар, 2023–2025 жылдар аралығында алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) нысандарының құрылысына 119,4 млрд теңге жұмсалды. Оның ішінде 2025 жылы 145 МСАК нысанын аяқтауға 16,9 млрд теңге қарастырылды.
2024 жылы Арнаулы мемлекеттік қор есебінен бірқатар ірі жобалар қаржыландырылды. Атап айтқанда, Риддер қаласында көпбейінді аурухананың құрылысына 28,1 млрд теңге, Өскеменде Гематология орталығына 33,6 млрд теңге, ал Ақтау қаласында жедел медициналық жәрдем станциясының құрылысына 4,6 млрд теңге бөлінді.
2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты мынадай жобаларға бағытталды:
69,8 млрд теңге – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында еліміздің 10 өңірінде 145 МСАК нысанының құрылысын аяқтауға, сондай-ақ 30 ауданаралық және орталық аудандық аурухананы қайта жаңғырту мен күрделі жөндеуге;
6,7 млрд теңге – Қарағанды қаласында онкодиспансердің операциялық-реанимациялық блогын толық аяқтауға және Қостанай облысында дәрігерлік амбулатория салуға;
5,5 млрд теңге – Талдықорған қаласындағы облыстық балалар ауруханасын қайта жаңғыртуға және Жетісу облысындағы Кербұлақ орталық аудандық ауруханасының ғимараттарын сейсмикалық тұрғыда күшейтуге жұмсалды.
Шығыс Қазақстан облысында қайтарылған активтер есебінен 2025 жылы Риддер қаласында көпбейінді аурухана кешенінің құрылысы толық аяқталды.
Риддердегі жаңа қалалық аурухана 50 мыңнан астам халқы бар моноқала үшін маңызды әлеуметтік нысанға айналды. Бұл – 200 төсек-орындық стационары және ауысымына 500 адам қабылдайтын емханасы бар, жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген заманауи көпбейінді медициналық кешен. Жаңа аурухана пациенттерді облыс орталығына жібермей-ақ, жергілікті жерде мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Жоба мемлекет меншігіне қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асырылып, қала тұрғындары үшін көптен күткен маңызды әлеуметтік нысан болды.
Өскемен қаласындағы Гематология орталығы – өңірдегі ең ірі әрі технологиялық тұрғыдан күрделі медициналық жобалардың бірі. Оның құрылысына Арнаулы мемлекеттік қордан 33,6 млрд теңге бөлінді. Орталық құрамында 148 орындық стационар, сондай-ақ 24 төсек-орындық пациенттерге арналған қонақ үй бар. Мекеме гематология, кардиология, кардиохирургия, трансплантология салалары бойынша және жоғары технологиялық диагностика жүргізуге арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Жоба тек емдеу қызметін ғана емес, ғылыми зерттеулер жүргізуді де көздейді. Кешеннің жалпы құны 83 млрд теңгені құрайды.
Ал Ақтау қаласында жылына 100 мыңға дейін шақырту қабылдай алатын облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жоба Президент тапсырмалары аясында Арнаулы мемлекеттік қордан 4,6 млрд теңге бөліну арқылы іске асырылуда. Жаңа станция санитариялық көлікке арналған оқу-симуляциялық орталықты, жөндеу және жуу базасын қамтиды және өңірдегі шұғыл медициналық көмек жүйесінің тиімділігін арттыруға елеулі үлес қоспақ.

