Қарағанды облысының прокуратурасы бүгін 3,5 жылға сотталған Алика Мұхамадиеваға қатысты айыптау үкімі туралы түсініктеме таратты.
«Бүгін Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының соты Алика Мұхамадиеваға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған айыптау үкімін шығарды», — деп хабарлайды прокуратура.
Осы үкіммен оған Қылмыстық кодекстің 74-бабының тәртібінде жазаны орындауды кейінге шегеру шарасы қолданылған. Прокуратура бұның себебін түсіндірді.
«Оның екі жасар баласы бар болғандықтан, сот жазаны кейінге шегерді. Айта кетейік, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық заңға 5 жылдан астам бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын жекелеген қылмыстарды қоспағанда, жас балалары бар әйелдер үшін жазаны өтеуді кейінге шегеруді міндетті түрде қолдануды көздейтін өзгерістер енген. Сондықтан, жазаны кейінге шегеру міндетті норма екеніне назар аудартамыз», — деп хабарлайды Қарағанды прокуратурасы.
Айта кетейік, бүгін Алика Мұхамедива сотта соңғы сөзін айтып, жазған сөздеріне қатты өкінетінін айтқан. Threads желісінде бір адамның жазбасына пікір қалдырған Алика Мұхамедиева мұсылмандар мен қазақ ұлтының азаматтарына тіл тигізген.
«Мұсылмандардың көбі шошқа сияқты, сіздерден кейін дәретханаға кіргенде ол жердің лас жататынын бірнеше рет байқадым. Тіпті, дәретхананың есігінің тұтқасы су қалпында тұрады. Сондықтан, үйлеріңнен шықпай отырыңдар», — деп жазған еді.
Сондай-ақ ол Қазақстан «мамбеттермен танымал» деген пікір қалдырып, көпшілікке тіл тигізген. Оның соты 3 қазан күні басталған еді.

