Он алты жылын «Алматы тазалық» кәсіпорнына арнаған тракторшы Базархан Орумбаев ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Ақорда төрінде ерен еңбегі үшін марапатталды. Қарапайым еңбек адамы президенттің қолынан марапат алғанда қандай сезімде болғанын айтты.
Базархан Төлегенұлы «Алматы тазалық» кәсіпорнының Алмалы аудандық учаскесінің механизаторы болып жұмыс істейді.
«Мен «Алматы тазалық» мекемесінде тракторшы болып істеймін. Бұл салада жүргеніме он алты жыл, ал жалпы еңбек өтілім 53 жыл. Құдай қаласа, келесі жылы 70 жасқа толамын. Бүгін астанаға келіп, президенттің қолынан «Ерен еңбегі үшін» марапатын алу бақыты бұйырыпты. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе, өмірімдегі ең қуанышты сәттердің бірі. Шынымды айтсам, аздап толқыдым, қайткенмен де президент қой. Мені осы құрметке лайық көрген ұжымыма зор ризашылығымды білдіремін. Жұмысым өзіме ұнайды, қаланың тазалығы үшін еңбек етуге әрқашан дайынбыз», — дейді ол.
Тракторшы барша азаматты келе жатқан Республика күнімен құттықтап, Қазақстанның гүлденіп, өсіп-өркендей беруін тіледі.
Айта кетері, Базархан Орумбаев Алматы қаласын тазарту және көгалдандыру ісіне белсене атсалысады. Осы жылдар ішінде өзін жауапты әрі сенімді қызметкер ретінде көрсеткен. Ұжым арасында зор беделге ие. «Алматы тазалық» кәсіпорнының жас жұмысшыларына тәлімгерлік етеді.
