STEPPENEWS.KZ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі туризм саласының даму барысына қатысты пікір білдіріп, бұл бағыттағы бірқатар өзекті мәселелерге назар аударды. Президенттің айтуынша, табиғатты қорғау ұраны кей жағдайда жекелеген топтар үшін жобаға қарсы қысым құралына айналып кетіп отыр.
Оның сөзінше, туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамаларға қарсы шығатын кейбір эко-белсенділердің нақты салалық тәжірибесі жоқ. Соған қарамастан, олардың әрекеттері маңызды жобалардың жүзеге асуына тосқауыл болып, инвестициялық үдерістерді баяулатуда.
Мемлекет басшысы мұндай қадамдар кейде қоғамдық резонанс тудыру немесе назар аударту мақсатында жасалатынын атап өтті. Бұл, әсіресе, тау туризмі мен өңірлік туристік жобаларда айқын байқалады.
Сонымен қатар Президент табиғатты қорғау мен экономикалық дамудың арасында тепе-теңдік болуы керектігін айтты. Оның пікірінше, экология мәселелері кәсіби әрі сындарлы диалог аясында шешілуі тиіс. Өйткені халықаралық деңгейде туристер үшін бәсеке күшейіп келеді, ал көршілес елдер бұл саланы жүйелі түрде дамытып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның туристік әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, саланы дамыту үшін нақты жоспар, жауапты мамандар және үйлесімді мемлекеттік саясат қажет екенін жеткізді.

