STEPPENEWS.KZ: Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай биыл Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қызылорда қаласында өтетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, жиын 20 қаңтар күні Сыр өңірінде ұйымдастырылады.
Руслан Желдібай бұл туралы өзінің Telegram-арнасында хабарлап, Сыр бойында өтетін құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз сөйлейтінін атап өтті.
«Сыр бойындағы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Қазақстанның келешек даму бағдары мен қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салады.», – делінген хабарламада.
Бұған дейін өткен Ұлттық құрылтай отырыстарында ел дамуының өзекті бағыттары жүйелі түрде талқыланды. Атап айтқанда, 2022 жылы Ұлытауда өткен алғашқы жиында саяси реформалар, әділетті қоғам құру және ұлттық бірлік мәселелері көтерілсе, 2023 жылы Түркістанда Конституциялық өзгерістерді іске асыру, жер мәселесі мен тіл саясатына басымдық берілді. 2024 жылы Атырауда өткен құрылтайда экономиканы әртараптандыру, өңірлердің әлеуметтік дамуы және әлеуметтік әділдік тақырыптары талқыланды. Ал 2025 жылы Бурабайда өткен отырыста заң үстемдігі, қоғамдық жауапкершілік, білім мен ғылымды дамыту, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік мәселелері күн тәртібіне шығарылды.

