Павлодар қаласында 9-сынып оқушысы мектептегі мерекелік шара кезінде сынып жетекшісіне қол жұмсады. Бұл оқиға 16 қазанда №11 мектепте күзгі бал барысында орын алды.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, мұғалім оқушыға ескерту жасаған, артынша жасөспірім оның мойнына жармасып, көпшіліктің көзінше біраз уақыт ұстап тұрған.
Жас мұғалім оқиғадан кейін дереу полицияға арыз жазды.
Павлодар облыстық полиция департаменті оқушының заңды өкіліне қатысты әкімшілік хаттама толтырды.
«Оқиға бойынша полицейлер тексеру жүргізді. Заңды өкілі кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сотқа қарауға жіберілді», — деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар тоғызыншы сынып оқушысының тәртібін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия қарайды.