STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда жаңа туған сәбиді сатуға қатысты ауыр қылмыстың жолы кесілді. Түркістан облысының 23 жастағы тұрғыны жүктіліктің соңғы кезеңінде әлеуметтік желілер арқылы болашақ сәбиіне сатып алушы іздеген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция оның заңсыз әрекетін анықтап, барлық дәлелдерді жинақтаған. Әйел босанғаннан кейін небәрі үш күндік қыз баланы 800 мың теңгеге бермек болған сәтінде қылмыс үстінде ұсталды.
Құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында сәбиге төнуі мүмкін қауіптің алдын алуға мүмкіндік туды. Қазіргі уақытта нәресте дәрігерлердің бақылауында, оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып, оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексерілуде.
Полиция адам саудасының кез келген түріне, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға мүлде төзбеушілік танытылатынын және мұндай әрекеттер қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.

