Ұзақ жылдар бойы облыс обыр аурулары бойынша республикада бірінші орында тұрған еді. Биыл төртінші орынға төмендегені тіркелді. Өңірде қауіпті ауруларды ерте диагностикалау көрсеткіші — 31,0%, уақтылы диагностика — 66,8%. Бұл Павлодар облысын заманға сай диагностикалау саласында бірінші орынға шығарған.
— Онкологиялық диспансер өңірдегі жетекші мамандандырылған мекеме ретінде өз позициясын нығайтып, онкологиялық ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу саласында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Былтыр мекеме сыртқы аккредитациялық комиссияның қорытындысы «JOGARY SANAT» санатын алды. Диспансерде бір ауысымда 100 адам қабылдауға мүмкіндік бар. Стационарда 205 төсек орын орналасқан. 376 қызметкер жұмыс істейді. Мамандардың 90%-дан астамы біліктілік санатына ие, — дейді өңірлік онкологиялық диспансердің директорының орынбасары Әсел Асқарова.
Онкодиспансер заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған. Олардың қатарында «Revolution EVO» компьютерлік томографы, «SIGNA Creator» магнитті-резонанстық томографы және «Varian Medical Systems» КТ-симуляторы бар желілік үдеткіш бар. 2025 жылдың қаңтарынан бастап МРТ аппаратына жасанды интеллект енгізілді. Бұл кескін сапасын арттырып, пациенттерді қамтуды кеңейтуге мүмкіндік берген.
Еске сала кетейік, онкология ауруларына скрининг МӘМС жүйесі аясында тегін көрсетіледі.

