Парижде Франция президенті Эммануэль Макронның жұбайы Брижит Макронға кибербуллингке қатысты сот ісі басталды. Іс бойынша 41 бен 65 жас аралығындағы сегіз ер адам мен екі әйел айыпталуда. Бұл мәлімет Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап хабарланады.
Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушылар әлеуметтік желілерде Брижит Макронды ер адам болып туған деген жалған ақпарат таратқан. Олар сонымен қатар президент пен жұбайының жас айырмашылығына байланысты қорлайтын жазбалар жариялаған.
AFP агенттігінің мәліметінше, Брижит Макрон алғашқы сот отырысына қатыспады және алдағы уақытта да сотқа келмейтіні белгілі. Адвокаттың айтуынша, оның қызы Тиффани Озье сейсенбі күні куәлік беруі ықтимал.
Айыпталушылар арасында жергілікті шенеунік, галерея иесі, мұғалім және өзін интернет-экстрасенс деп атайтын 51 жастағы Дельфин Ж. бар. Ол желіде «Амандин Руа» деген атпен танымал. Тағы бір әйел, өзін тәуелсіз журналист деп атайтын Наташа Рей де өткен жылы Брижит Макронға жала жапқан үшін сотты болған.
2021 жылы Руа YouTube-та Реймен сұхбат жариялап, «Брижит Макрон шын мәнінде ешқашан болмаған, ол жынысын ауыстырған ағасы — Жан-Мишель Троньё» деп конспирологиялық теорияны алға тартқан. Кейінірек екеуі апелляцияда жеңіп шықса да, Брижит пен оның бауыры бұл шешімге қарсы шағым түсірді.
«Брижит Макрон – трансгендер» деген сыбыс әлеуметтік желілерде 2017 жылдан бастап таралған. Мұны АҚШ-та консервативті блогер Кэндис Оуэнс белсенді түрде насихаттады. Макрондар Оуэнске қарсы сотқа шағым түсіріп, оның «әдейі жалған ақпарат таратып, абыройына нұқсан келтіргенін» мәлімдеді.
Брижит Макрон Эммануэль Макронға сабақ берген мұғалімі болған, екеуі 2007 жылы шаңырақ көтерген. Ол кезде Эммануэль 29, ал Брижит 54 жас еді.
