Отбасы банк салымшыларға жыл сайынғы мемлекеттік сыйақыны енді өз қаражатынан төлейді. Бұл туралы қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді.
Министр он екі жыл ішінде «Отбасы банкке» бюджеттен 900 млрд теңге бөлінгенін, ал алдағы үш жылдық бюджетте 210 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті. Нәтижесінде банк салымшыларының саны 10 есе, 2,1 млн адамға дейін өскен.
«Отбасы банк – мемлекеттік банк және оның қаржылық жағдайы тұрақты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша оның таза табысы 121 млрд теңгені құрады. Осыған байланысты сыйақыны қаржыландыруды «Отбасы банктің» өз қаражаты есебінен жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Осылайша біз бюджетке түсетін салмақты азайтамыз. Ал салымшылар үшін ештеңе де өзгермейді – сол ақша төленеді», — деді Тәкиев Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың сұрағына жауап беріп.