STEPPENEWS.KZ: Республика көлемінде балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақстандық анимация апталығы басталды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл ауқымды жоба аясында еліміздің бірнеше өңірінде отандық туындылардың коммерциялық емес, яғни тегін көрсетілімдері өтіп жатыр.
Жобаның басты ерекшелігі — заманауи анимациялық туындыларды барлық көрерменге қолжетімді ету. Тегін сеанстар Астанадағы «Арсенал» және Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрларында ұйымдастырылған. Сонымен қатар, ҚР Қарулы Күштерімен бірлескен жоба аясында көрсетілімдер географиясы кеңейіп, елордадағы Әскери-патриоттық орталық пен Семей, Отар, Сарыөзек, Алматы гарнизондарындағы әскери қалашықтарды да қамтып отыр.
Анимация апталығының бағдарламасы өте бай: көрермендер назарына 2025 жылдың су жаңа туындыларымен қатар, «Қазақфильм» мен Ұлттық киноны қолдау орталығының алтын қорына енген үздік ленталар ұсынылады. Шәкен Айманов атындағы киностудияның «Қазақанимация» бірлестігі ұйымдастырған бұл шара ұлттық анимацияны дамытып, нарықты мемлекеттік тілдегі сапалы контентпен байытуды көздейді.

