Энергетика министрлігі Орынбор газ өңдеу зауытындағы апатқа байланысты ресми түсініктеме берді.
Оқиға қалай болды
19 қазанда Ресейдің Орынбор облысындағы газ өңдеу зауытында төтенше жағдай тіркелді. «Газпром» мәліметінше, ұшу аппараттарының шабуылы салдарынан зауытта шикі газ қабылдау жұмысы уақытша тоқтатылған.
Апат кезінде зауыт Қарашығанақ кен орнынан келетін газды қабылдауды доғарған.
Энергетика министрлігінің ресми мәлімдемесі
Қазақстан Энергетика министрлігі ел ішінде газ тапшылығы болмайтынын мәлімдеді.
«Қазақстанның ішкі тұтынушыларына газ жеткізу қалыпты режимде жүріп жатыр. Газ беру бойынша ешқандай шектеу енгізілмеген», – делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік өкілдері атап өткендей, Қарашығанақтағы шикі газды өңдеу және мұнай өндіруге әсер ету мүмкіндігі қазір ресейлік серіктестермен және жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп қарастырылып жатыр.
Қазақстан мен Ресей энергетикалық байланыста
Орынбор газ өңдеу зауыты – Қарашығанақ жобасының негізгі серіктес инфрақұрылымдарының бірі. Бұл зауытта қазақстандық шикі газ өңделіп, дайын өнімнің бір бөлігі елімізге қайта жеткізіледі.
Энергетика министрлігі қазіргі жағдайда Ресей тарапы және кен орнының операторлары – Shell, Eni, Chevron, Lukoil және «ҚазМұнайГаз» компанияларымен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді.
«Министрлік жағдайды бақылауда ұстап отыр. Қауіпсіздік пен өндірістік процестерді қалпына келтіру бойынша қажетті шаралар қабылдануда», – деп атап өтті ведомство.