STEPPENEWS.KZ: Орал қаласындағы Украинская көшесінің бойында жеке тұрғын үй мен шаруашылық құрылысынан өрт шығып, жалын көрші үйдің шатырына дейін жайылды. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар барлау жұмыстарын жүргізу барысында 1974 жылы туған әйелді тауып, оны дереу қауіпсіз жерге алып шықты. Бұл туралы turkystan.kz хабарлады.
Төтенше жағдай кезінде өрт сөндірушілер үй ішінен бір газ баллонын сыртқа шығарып үлгеріп, ықтимал жарылыстың алдын алды. Қабылданған шұғыл шаралардың нәтижесінде тілсіз жау толық ауыздықталып, жақын маңдағы өзге баспаналар оттан аман қалды. Өрт жалпы 170 шаршы метр аумақты шарпыған.
Абырой болғанда, оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Өрттен құтқарылған әйелді медицина мамандары бірден тексеріп, оның денсаулығына қауіп төніп тұрмағанын растады, сондықтан оны ауруханаға жатқызудың қажеті болмады.

