Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты резонансты іске қатысты үкім шығарды.
Қарағанды соттарының баспасөз қызметі сотталған адам мен қыздың анасына қатысты сұмдық деректерді жария етті.
«2025 жылы ақпан айында Абай қаласында 16 жастағы қыздың анасы мен өгей әкесі оған «38 жастағы ер адамға тұрмысқа шық» деп бұйырған. Ер адамның жасын білген қыз тұрмысқа шықпайтынын айтып, қарсылық танытқан. Оған қарамастан, 2025 жылдың наурызында өгей әкесі оны еркекпен бірге Қарағанды қаласына жіберген. Ер адам пәтер жалдып, қыз әлі кәмелетке толмағанын білсе де оны зорлаған», — деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Прокурор ер адамды 17 жылға соттауды сұраған. қыздың туған әкесі де барынша қатаң жазалауын өтінген.
«Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 120 бабы, 3-1-б. 1-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оны 17 жылға соттады. Оған өмір бойы педагогикалық лауазымдарда және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарда қызмет атқаруға тыйым салды», — деп хабарлайды Қарағанды соттары.
Сот сондай-ақ прокурордың атына жәбірленушінің анасы мен өгей әкесінің әрекеттерінде қылмыс құрамының бар-жоғын тексеру үшін жеке қаулы шығарды.