STEPPENEWS.KZ: Қазақстанның белгілі ақыны әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынылды. Бұл бастаманы «Байтақ» жасылдар партиясы көтеріп, тұлғаның еңбегін марапатқа лайық санап, қолдау білдіріп отыр.
Қазіргі уақытта Норвегиядағы Нобель комитетіне 25 ресми номинациялық хат жолданғаны белгілі болды. Құжаттарға Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, АҚШ және өзге де мемлекеттердің ғылыми орта мен қоғамдық ұйым өкілдері қол қойған.
Партия өкілдерінің сөзінше, Олжас Сүлейменовтің ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалыстағы қызметі ерекше маңызды. Жиында партия жетекшісі оның тарихи рөліне тоқталып, атқарған істері Нобель бейбітшілік сыйлығының негізгі қағидаттары мен құндылықтарына сай келетінін атап өтті.
Сонымен қатар, жиында Олжас Сүлейменовтің шығармашылық жолы мен қоғамдық қызметін жүйелі түрде зерттеуге бағытталған «Олжастану» ғылыми-зерттеу институтын құру туралы шешім қабылданды.
Айта кетейік, Олжас Сүлейменов 1990 жылы ядролық сынақтарға қарсы бағытталған «Невада–Семей» қозғалысын құрып, Семей ядролық полигонының жабылуына елеулі үлес қосты.

