STEPPENEWS.KZ: Өзбекстанда әскери қызметшілер мен курсанттар арасында «Руханият қалқаны» («Маънавият қалқони») атты республикалық кітап оқу байқауы бастау алды. Президент қаулысымен бекітілген бұл бастаманың жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар – электромобильдер мен қомақты ақшалай сыйақылар беріледі.
2026 жылдан бастап жыл сайын өткізілетін бұл дода төрт кезеңнен тұрады. Байқауға мерзімді және келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, әскери жоғары оқу орындарының курсанттары, сондай-ақ әскери лицей оқушылары қатыса алады. Республикалық кезеңде әр санат бойынша ең үздік оқырмандар анықталады.
Бас қолбасшының арнайы жүлдесіне ие болатын төрт жеңімпазға электромобиль мен диплом табысталады. Ал екінші және үшінші орын иегерлеріне тиісінше 100 және 70 есептік көрсеткіш (41,2 және 28,8 миллион сум) көлемінде ақшалай сыйақы берілмек.
Байқаудың тағы бір ерекшелігі – жеңімпаздар үшін әскери қызмет мерзімінің қысқартылуы. Жүлделі орындарға ие болған мерзімді қызметтегі сарбаздардың борышын өтеу уақыты бір айға азайтылады. Айта кетейік, Өзбекстанда кітап оқу мәдениетін дамыту қоры арқылы авторлар, аудармашылар мен оқырмандарға тұрақты түрде қаржылай қолдау көрсетіліп келеді.

