Өзбекстанның Наманган облысында автогаз құю станциясында жарылыс болып, бір адам көз жұмды. Бұл туралы ақпаратты Kun.uz сайты елдің Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап таратты.
Ведомствоның мәліметінше, автомобильге арналған газ толтыру компрессорлық станциясында 10 тонналық резервуарды жылжыту кезінде өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылған.
«25 қазанда сағат 18:47-де 112 жедел жәрдем қызметіне Шуст ауданының Бірлік махалласында орналасқан жабық жанармай құю станциясында жарылыс болғаны туралы қоңырау түсті», — дейді құтқарушылар.
Оқиға орнына үш өрт сөндіру-құтқару бөлімшесі жіберілді. Өрт шыққан жоқ. Дәнекерлеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшы көз жұмған.
Оқиғаның себебі мен келтірілген залалдың көлемі анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың 30 маусымы күні кешқұрым Атырау облысы Құлсары қаласындағы «Ниет» жанармай құю станциясында қуатты жарылыс болып, салдарынан екі адам қаза тауып, 14 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алған еді.
