STEPPENEWS.KZ: Астана төрінде өткен салтанатты жиында түркі әлемінің мәдениеті мен өнерін халықаралық деңгейде дәріптеп жүрген тұлғаларға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының арнайы марапаттары табысталды. Шара барысында әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген мен талантты актриса Самал Еслямованың еңбегі ерекше аталып өтті.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов пен ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев қазақстандық өнер иелерінің ортақ түркі мәдени кеңістігін нығайтудағы рөліне тоқталды. Сұлтан Раев марапат иелері туралы:
«Бүгін біз өнер арқылы түркі әлемін шынайы біріктіріп жүрген тұлғаларды құрметтеп отырмыз. Димаш Құдайберген музыка арқылы мәдени елші миссиясын атқарып келеді. Ал, Самал Еслямова қазақстандық кино өнерінің символына айналды. Бұл марапаттар – олардың еңбегіне берілген лайықты құрмет», — деп атап өтті.

Өз кезегінде Димаш Құдайберген халықтың қолдауы ол үшін ең үлкен мәртебе екенін айтып, ризашылығын білдірді:
«Өнер адамы үшін ең жоғары марапат – халықтың мойындауы мен қолдауы. Бұл марапатты мен елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың нығаюын білдіретін маңызды белгі ретінде қабылдаймын. Бұл марапат жеке өзіме емес, бүкіл қазақ халқына көрсетілген құрмет пен ілтипат деп білемін».
Айта кетейік, Димаш Құдайберген — бұл мәртебелі атаққа ие болған әлемдегі екінші тұлға. Бұған дейін аталған орденмен Түркияның Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Азиз Санджар марапатталған болатын. Ал Самал Еслямова «Түркі әлемінің үздік әртісі» номинациясы бойынша ТҮРКСОЙ-дың арнайы жүлдесін иеленді.

