Нью-Йорктегі ЛаГуардия әуежайында United Airlines әуе компаниясының екі ұшағы соқтығысты. Оқиға ауа райының қолайсыздығынан және федералды ведомство жұмысының тоқтауына байланысты қызметкерлердің жетіспеушілігінен туындаған рейстердің кешігуі кезінде болды.
New York Post газетінің мәліметінше United Airlines компаниясы Орландодан ұшып келген лайнер Хьюстонға ұшайын деп тұрған сол компанияның басқа ұшағының артқы жағына соғылған. Жолаушылардың бірі басылымға ұшақ қозғала бастағанда соққыны сезгенін, бірақ не болғанын бірден түсінбегенін айтты.
«Оқиға орнында жедел жәрдем қызметі жұмыс істеді. Ұшақтағы жолаушылар эвакуацияланды. 328 жолаушы мен 15 экипаж мүшесінің ешқайсысы жарақат алған жоқ», — деп жазды басылым.
Техниктер зақымдалған ұшақты тексеріп жатыр. Соқтығысу кезінде Хьюстонға ұшатын лайнер бір жарым сағаттан астам уақытқа кешігіп жатқан.
ЛаГуардия әуежайы сағатына 72 км/cағ жылдамдықпен соққан қатты желге байланысты рейстерді тоқтатты. Әуежайдағы орташа кідіріс шамамен екі сағатты құрады, кейбір жағдайда бес сағатқа дейін жетті.
АҚШ Ұлттық ауа райы қызметі түн ортасына дейін қатты жел болатынын ескертті. Федералды азаматтық авиация басқармасы (FAA) үкімет жұмысының тоқтатылуына байланысты оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ.

