STEPPENEWS.KZ: New York City Hall ғимаратында тарихта алғаш рет ауызашар дастарханы жайылды. Іс-шара қасиетті Рамазан айында ұйымдастырылды. Кештің ұйымдастырушысы– Зохран Мамдани.
Ауызашарға мұсылман қауымының өкілдері, қала әкімдігі қызметкерлері және қоғам қайраткерлері шақырылды. Тамақ алдында дұға оқылып, жиналғандар бірге ауыз ашты.
Бұл бастама әлемдегі ең көпұлтты қалалардың бірі саналатын Нью-Йорк үшін символдық мәнге ие болды. 2026 жылдың қаңтарында қызметіне кіріскен Зохран Мамдани Нью-Йорк тарихындағы алғашқы мұсылман мэр атанды.
Мэрдің айтуынша, қала әкімдігі ғимаратында ауызашар өткізу мегаполистегі мәдени және діни әралуандықты көрсетеді әрі мұсылман қауымына деген құрметтің белгісі.
Дегенмен бұл іс-шара АҚШ саясаткерлері арасында қызу пікірталас тудырды. Кейбірі қала билігі ғимаратында діни сипаттағы кеш өткізуге сын айтты. Ал Зохран Мамдани мұндай кездесулер қала тұрғындарын жақындастырып, қоғамдық диалогты нығайтуға ықпал ететінін мәлімдеді.
Бақылаушылардың пікірінше, мэрияда өткен ауызашар Нью-Йорк мұсылман қауымы үшін маңызды оқиға болды және қаланың әлемдегі ең ашық әрі алуан мәдениетті мегаполистердің бірі екенін тағы бір рет көрсетті.

