STEPPENEWS.KZ: Салтанат Нүкенованы өлтіру ісі бойынша қылмысты жасырып қалғаны үшін сотталған Бақытжан Байжановтың қорғаушылары сот шешіміне қайта шағымданды. Сот жүйесінің кассациялық соттар департаментінің мәліметінше, адвокат Секеров пен қорғаушы Күлдеевадан тиісті кассациялық шағымдар түскен.
Адвокат Секеров бірінші сатыдағы сот үкімі мен апелляциялық алқаның шешімін толықтай жоюды талап етіп отыр. Оның уәжінше, Байжановтың әрекетінде қылмыс құрамы мүлдем жоқ, сондықтан ол толық ақталуға тиіс. Ал екінші қорғаушы Күлдеева ақтауды талап етпегенімен, сотталған азаматтың жазасын жеңілдетуді сұрап отыр.
Еске сала кетейік, Бақытжан Байжанов бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы. 2024 жылғы 13 мамырда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 432-бабы («Қылмысты жасырып қалу») бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Кейіннен Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Қазіргі уақытта іс кассациялық соттың өндірісіне алынды. Аталған шағымдар бойынша сот отырысы 2026 жылғы 14 мамырға белгіленген. Бұл отырыс Байжановтың тағдырына қатысты соңғы нүкте болуы мүмкін.

