STEPPENEWS.KZ: Нинся Қазақстанмен сауда байланысын бекемдемек: басты назарда – инвестиция және агросектор. Қазақстандық кәсіпкерлердің қатысуымен өткен іскерлік жиында Қытайдың Нинся-Хуэй автономиялық ауданының өкілдері сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін мәлімдеді.
Тарихи тамырдан – жаңа мүмкіндіктерге
Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыс Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алады. Бүгінде бұл ынтымақтастық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жаңғырып, бизнес, инвестиция және сауда үшін тың мүмкіндіктерге жол ашуда. Географиялық орналасуы қолайлы, әрі табиғи ресурстарға бай Қазақстан Нинся кәсіпорындарының шетел нарығына шығуы стратегиялық маңызды қадам.
Нинсяның экономикалық әлеуеті мен басымдықтары

Алматыда өткен жиында Нинся халықаралық сауданы ілгерілету комитеті Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық серіктес ретіндегі рөлін ерекше атап өтті. Бірлескен жобаларға қызығушылық танытқан бизнес өкілдеріне ерекше алғыстарын да білдірді.
Нинся — Қытайдың батысында орналасқан, халқы 7 миллионнан асатын қарқынды дамушы өңір. Соңғы жылдары мұнда заманауи көмір химиясы, жаңа материалдар және агроөнеркәсіпті қамтитын ірі өнеркәсіптік кластерлер қалыптасты.
Аймақ экономикасының басты драйверлері:
- Жоғары технологиялық машина жасау;
- «Жасыл» энергетика (өңірдегі электр энергиясының 60%-ы таза көздерден өндіріледі, ал жалпы қуаттылығы 50 млн кВт-тан асады);
- Цифрлық экономика.
Қуатты агросектор және экспорттық әлеует
Нинся ауыл шаруашылығын тауарлы әрі мамандандырылған бағытта дамытып келеді. Өңірдің «визит карточкасына» айналған негізгі өнімдер қатарында годжи жидектері, сүт өнімдері, ет бағытындағы мал шаруашылығы және салқын климатқа бейімделген көкөністер бар.
Бұл өнімдер ішкі нарықта ғана емес, шетелде де жоғары сұранысқа ие. Мәселен, көкөністер мен терең өңделген өнімдер Орталық Азия елдеріне белсенді түрде экспортталуда. Тек 2025 жылдың өзінде экспорт көлемі 600 млн юаньнан (60%-ға өсім) асқан.

«Нинся мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты түрде дамып келеді. Ауыл шаруашылығы, энергетика, пайдалы қазбаларды өндіру және экологиялық басқару сияқты салаларда белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. Нинся кәсіпорындары Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамыту және инфрақұрылымдық құрылыс жобаларына белсенді қатысуда, ал екіжақты сауда тұрақты түрде өсуде. Әсіресе заманауи ауыл шаруашылығы саласында – Нинсяның жоғары сапалы сауын сиырлары мен сүт өнімдері қазақстандық нарыққа шығып үлгерді, ал өңірдің шөлейттенумен күресудегі тәжірибесі үлкен қызығушылық тудырып отыр. Сонымен қатар, Нинся Қазақстаннан жоғары сапалы бидай, ет, бал, зығыр тұқымын, сондай-ақ мыс пен мырыш импорттап, ресурстардың өзара толықтырылуын және өзара тиімділігін қамтамасыз етуде» деп айтты, Нинся халықаралық сауданы ілгерілету комитетінің Саудаға жәрдемдесу бөлімінің бастығы, Ван Чэн.

Қазақстанмен ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі
Соңғы жылдары қос тараптың байланысы нақты нәтижелер бере бастады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, энергетика, пайдалы қазбалар өндіру және инфрақұрылымдық жобалар бағытындағы серіктестік қарқынды.
Қазақстан Нинсядан жоғары сапалы сүт өнімдері мен асыл тұқымды мал импорттауды жолға қойды. Сондай-ақ еліміз үшін аймақтың шөлейттенумен күрес тәжірибесі үлкен қызығушылық тудырып отыр.
Өз кезегінде Нинся Қазақстаннан бидай, ет, бал, зығыр тұқымын, сондай-ақ мыс пен мырыш импорттайды. Бұл ресурс екіжақты сауда айналымының тұрақты өсуін қамтамасыз етуде.

«Біздің Қытаймен сауда саттық қарым-қатынасымыз қалыптасқан. Өзіміздің отандық өнімдерден балық, бал, тіпті су, әр түрлі табиғи өнімдеріміз экспортталады. Шамамен балықтың 1 жылда мың тоннасы, ұн өнімдерінің 20 мың тоннандан, 200 мың тоннаға дейін жіберіледі. Сауда саттық айналым бойынша Қазақстан мен Қытай екінші орынды иеленеді. Бүгінгі жиынның мақсаты кәсіпкерлердің екі жақты байланысын нығайту, дұрыс бағыт бағдар беріп, өз-ара тиіді қарым қатынысына ықпал етуге арналады» деді, «ҚР Экспорттаушылар қауымдастығының» төрайымы Юсупова Гүлмира
Бірлескен жобалар
Іскерлік сапар барысында қытайлық делегация жасыл азық-түлік, логистика, қаптама және шикізат саудасы саласындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындарын таныстырды. Басты мақсат — тікелей байланыстар орнатып, нақты жобаларды іске қосу. Бұған қоса, Нинся өкілдері қазақстандық сапалы өнімдерді өз нарығында көруге мүдделі екенін жеткізді.

Түйін
Жиын соңында қазақстандық кәсіпкерлер 2026 жылдың 16–18 маусымында Иньчуань қаласында өтетін Бірінші «Қытай – Орталық Азия» сауда-экономикалық кездесуіне шақырды. Бұл халықаралық алаң қос тараптың ынтымақтастығындағы жаңа тарауды ашады деп күтілуде.
Сарапшылардың пікірінше, Нинся мен Қазақстан экономикасының бір-бірін толықтыру әлеуеті ұзақ мерзімді, әрі берік серіктестікке сенімді негіз қалайды.

