STEPPENEWS.KZ: Nestlé компаниясы балаларға арналған сүт қоспаларын ықтимал токсиндерге байланысты жаһандық деңгейде кері қайтару туралы шешім қабылдады. Кері қайтарылған өнімдер Қазақстанмен қатар Франция, Германия, Аустрия, Дания, Италия және Швеция нарықтарында да сатылған.
Бұл ақпарат тұтынушылар арасында алаңдаушылық тудырды. Алайда Qazaq Expert Club ұйымының тағам қауіпсіздігі саласындағы сарапшысы Лаура Әутелеева ірі халықаралық компаниялардың мұндай жағдайда қатаң халықаралық хаттамаларға сүйеніп әрекет ететінін атап өтті. Оның айтуынша, Nestlé-нің шешімі — дәл осы талаптардың сақталып отырғанын көрсетеді.
Сарапшының пікірінше, өнімді кері қайтару — тәуекелді басқарудың қалыпты құралы. Бұл өндіруші ықтимал қауіптің алдын ала анықталғанын және оның жаппай зиян келтіруіне жол берілмегенін білдіреді. Мұндай қадам әлсіз бақылаудың емес, керісінше, ашықтық пен тиімді мониторингтің белгісі саналады.
Нақты себеп неде?
Жекелеген партиялардан Bacillus cereus бактериясының кейбір штамдары бөліп шығаратын церулид токсинінің болуы мүмкін деген қауіп анықталған. Халықаралық реттеуші органдардың мәліметінше, бұл токсин:
-
құсуға,
-
іштің ауыруына,
-
жедел тағамдық реакцияларға әкелуі мүмкін,
әсіресе сәбилер үшін аса қауіпті.
Оқиға әдейі жасалмағанымен, мұндай жағдайлар өндірісті дереу тоқтатып, өнімді нарықтан алып тастауды талап етеді. Сарапшылардың айтуынша, кері қайтару — төтенше жағдай емес, халықаралық қауіпсіздік стандарттарының ажырамас бөлігі.
Осыған ұқсас жағдай 2022 жылы Kinder (Ferrero) брендімен де орын алған еді. Сальмонеллез қаупіне байланысты өнім ондаған елде сатылымнан алынып, бұл шешім әлдеқайда ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік берген.
Мұндай қадамдар компанияларға миллиондаған шығын әкеледі. Дегенмен дәл осы қаржылық тәуекел сапаны бақылау жүйесін күшейтуге мәжбүрлейді. Әлемдік тәжірибеде «қазір бәрін тоқтату» — миллиондаған адамның денсаулығын қауіпке тігуден әлдеқайда тиімді тәсіл ретінде қарастырылады.
Қазақстан үшін бұл нені білдіреді?
Қазақстан жаһандық азық-түлік тізбегіне терең кірігіп отыр. Елдегі балалар тағамының 60 пайыздан астамы — импорттық өнімдер. Сондықтан әлемдік өндірушілердегі кез келген іркіліс қазақстандық отбасыларға тікелей әсер етеді.
Nestlé жағдайы бірнеше маңызды мәселені айқын көрсетті:
-
Елде өнімнің қозғалысын толық қадағалайтын тиімді жүйе қажет. Қауіпті партияларды жедел анықтап, сөрелерден алып тастау үшін импорттаушыдан бастап дүкенге дейінгі ашық тізбек болуы тиіс.
-
Жедел ақпараттандыру — қауіпсіздіктің басты тетігі. Дамыған елдерде тұтынушыларға хабарламалар:
-
ритейлерлер арқылы SMS түрінде,
-
ресми қосымшалар арқылы,
-
арнайы ескерту сервистері арқылы бірден жеткізіледі.
Бұл бағытта Қазақстанға әлі де жүйелі жұмыс қажет.
-
-
Жаһандық компаниялармен ашық ынтымақтастық тұтынушылардың қорғалуын күшейтеді. Жеткізушілердің ашықтығы артқан сайын, ішкі нарықтағы қауіпсіздік жүйесі де жылдам әрі тиімді жұмыс істейді.

