STEPPENEWS.KZ: 2026 жылғы наурыз айындағы ҰБТ басталғалы 117 мыңнан астам талапкер тест тапсырды. Қатысушылардың басым бөлігі емтиханды қазақ тілінде тапсырған – 71,6%, орыс тілінде – 28,3%, ал 111 адам ағылшын тілін таңдаған.
Үшінші апта қорытындысы бойынша қатысушылардың 67,11%-ы шекті балл жинады. Орташа нәтиже бес пән бойынша 63 балды құрады, ал ең жоғары көрсеткіш – 139 балл.
Тестілеуге ерекше білім беру қажеттілігі бар 283 талапкер де қатысты. Олар үшін арнайы жағдайлар жасалғаны атап өтілді.
Осы кезеңде ережелерді бұзудың 179 дерегі тіркелді. Оның ішінде 97 адам тыйым салынған заттарды – смартфондар мен шпаргалкаларды алып өтпек болғаны үшін тесттен шеттетілді. Тағы 82 талапкер емтихан барысында тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Жалған тұлға арқылы тест тапсыру фактілері анықталған жоқ.
Талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұнына қатысты апелляцияны емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде, ал техникалық ақаулар бойынша – тестілеу барысында бере алады. Сертификаттар апелляциялар қаралған соң жеке кабинеттерде қолжетімді болады.
Жалпы, наурыз айындағы ҰБТ-ға қатысу үшін шамамен 184 мың өтініш берілген. Тестілеу аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер бұзушылықтар анықталса, нәтижелердің күші жойылуы мүмкін.

