STEPPENEWS.KZ: Әлемдік нарықта мұнай бағасы Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты қайтадан өсім көрсетті. 2026 жылдың 3 наурызындағы таңғы сауда-саттық мәліметтері бойынша, Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 80 доллардан асып, кейбір сәттерде 81,6 долларға дейін жетті.
Нарықтағы бұл дүрбелеңге АҚШ пен Израиль әскерінің Иран аумағына жасаған соққылары және Иранның жоғарғы басшылығына қатысты хабарламалар негізгі себеп болды. Сонымен қатар Иран тарапы әлемдік мұнай тасымалының 20 пайызы өтетін стратегиялық маңызды Ормуз бұғазын жабатынын жариялап, кеме қатынасына қауіп төндірді. Қазіргі уақытта бұл су жолы арқылы тасымал іс жүзінде тоқтап, Жапония сынды ірі импорттаушылар мұнай жеткізуді уақытша тоқтатты.
Сарапшылардың пікірінше, қақтығыс ұзаққа созылған жағдайда Brent мұнайының бағасы 100–120 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Осыған байланысты ОПЕК+ елдері нарықтағы тапшылықты толтыру үшін өндірісті арттыру мүмкіндігін қарастыруда. Дегенмен Ормуз бұғазындағы блокада сақталса, логистикалық қиындықтар жаһандық энергия нарығына қысым түсіре бермек.

