STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда ұстаздардың пәндік білімін бағалауға арналған тестілеу жүйесі ресми түрде тоқтатылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеп, тиісті шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қабылданғанын жеткізді.
Министрдің айтуынша, бұл қадам президенттің педагогтер қауымына деген зор сенімі мен жанашырлығының көрінісі. Қазіргі уақытта аталған тестілеу жүйесін қолданыстан шығару туралы ресми хат барлық өңірлік білім басқармаларына жолданды. Бұл жаңалық мұғалімдердің кәсіби мерейін арттыруға бағытталған маңызды шешім болып отыр.
Еске сала кетейік, пәндік білімін бағалау тесті — мұғалімдердің өз пәні бойынша білім деңгейін анықтайтын емтихан болатын. Ол негізінен аттестаттау кезеңінде қолданылып, педагогтердің біліктілік санатын бекітуге тікелей әсер ететін. Алайда, соңғы жылдары бұл жүйе ұстаздарға қосымша психологиялық және әдістемелік жүктеме тудыратыны үшін жиі сынға ұшырап келген еді. Ендігі жерде мұғалімдер бұл сынақтан босатылады.

