STEPPENEWS.KZ: Молдова парламенті екінші оқылымда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан (ТМД) шығу туралы тарихи заң жобасын мақұлдады. Бұл қадам елдің Ресей бастаған одақтан іргесін бөліп, Еуропалық Одаққа (ЕО) толыққанды мүше болу стратегиясының шешуші кезеңі ретінде бағалануда.
Жаңа заң 1991 жылы Минск пен Алматыда бекітілген ТМД-ны құру туралы келісімнің, оған қосымша хаттамалардың және ұйымның 1993 жылғы Жарғысының күшін жоюды көздейді. Парламенттегі 101 депутаттың 60-ы бұл бастаманы қолдап, «иә» деп дауыс берді. Шешімді билік партиясы мен бұрынғы премьер-министр Ион Кику бастаған топтар қолдап отыр.
Алайда, ел ішінде бұл мәселеге қатысты пікір екіге жарылды. Оппозициядағы коммунистер мен социалистер бұл қадамға түбегейлі қарсы екенін білдірді. Олар биліктің бұл әрекетін «халыққа жасалған сатқындық» деп атап, ТМД-дан шығу Молдованың экономикасына орасан зор зиян келтіретінін алға тартуда.
Соған қарамастан, ресми Кишинев Еуропалық Одаққа қосылу бағытынан танбайтынын аңғартты. Билік өкілдерінің пікірінше, ТМД құрамында қалу елдің еуропалық интеграциясына кедергі келтіреді және ескі жүйенің қалдығы болып табылады. Осылайша, Молдова отыз жылдан астам уақыт мүше болған ұйыммен заңдық тұрғыда қоштасу процесін аяқтауға жақын.

