STEPPENEWS.KZ: Екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасында болған техникалық ақауды пайдаланған қазақстандық азаматты Бас прокуратура мен Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері ҚР Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Швециядан экстрадициялады, — деп хабарлайды STEPPENEWS.KZ Tengrinews.kz-ке сілтеме беріп.
2018 жылы екінші деңгейлі банктердің бірінің мобильді қосымшасында орын алған техникалық ақауды пайдаланған азамат банк картасындағы нақты қаражаттан артық сомаларға жалған аударымдар жасаған. Заңсыз әрекеттердің салдарынан қаржы ұйымына 55 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті құқық қорғау органдарынан бой тасалап, оған халықаралық іздеу жарияланған. Ұзақ уақыт бойы жасырын жүрген ол биыл Швеция Корольдігінің аумағында қолға түсті. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жолдаған ресми сұрау негізінде күдікті елге экстрадицияланды.
Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу деректеріне сәйкес, аталған қылмыс үшін айыпталушының мүлкін тәркілеу көзделіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кету керек, Қазақстан мен Швеция арасында экстрадициялау жөнінде арнайы келісім болмаса да, 2023 жылдан бері бұл елден Қазақстанға төрт адам қайтарылған. Олардың қатарында жалған ақша дайындау және алаяқтық қылмыстары үшін іздеуде болған тұлғалар да бар.

