STEPPENEWS.KZ: Сот Meta мен Google компанияларын әлеуметтік желілерге тәуелділік салдарынан келген психологиялық зиян үшін 6 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттеді.
Алқабилер шешімімен Meta 4,2 млн доллар, ал Google 1,8 млн доллар төлейді. Оның 3 млн доллары – денсаулыққа келтірілген зиян үшін өтемақы, тағы 3 млн доллары – айыппұл ретінде белгіленген.
Іс бойынша Instagram, YouTube, сондай-ақ TikTok пен Snapchat платформалары жауапкер ретінде тартылған. Алайда TikTok пен Snapchat сот басталғанға дейін шағымданушымен келісімге келген.
Шағымданушының айтуынша, ол Instagram мен YouTube-ты бала кезінен белсенді қолданған.
Адвокаттар негізгі назарды контентке емес, платформалардың дизайнына аударған: шексіз лента, автоматты ұсыныстар сияқты функциялар әдейі тәуелділік қалыптастыру үшін жасалған деген уәж айтылды.
Алқабилер бұл тәсілдердің балалар мен жасөспірімдерге кері әсері бар екенін компаниялар білгенімен, пайдаланушыларды ескертпегенін және өзгеріс енгізбегенін мойындады. Соның салдарынан шағымданушыда мазасыздық, депрессия және өз келбетіне қатысты мәселелер пайда болған.

