STEPPENEWS.KZ: Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті аумағында «Мен — осы елдің бір бөлшегімін. 1001 тарих» республикалық жобасының ресми ашылу салтанаты өтті. Ауқымды бастама ел өңірлерін бір арнаға тоғыстырып, қазақстандықтарды ортақ идея төңірегіне біріктіруді мақсат етеді.
Жоба аясында ұйымдастырушылар «Most Signatures on a Car» санаты бойынша Guinness World Records рекордын орнатпақ.
Бір жыл ішінде арнайы дайындалған Hyundai компаниясының Hyundai Custin минивэніне шамамен 6 000 адамның қолтаңбасының жиналуы жоспарланған. Әр қолтаңба халықаралық талаптарға сәйкес тіркеліп, ресми есепке алынады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл автокөлік Қазақстанның символикалық картасына айналмақ. Түркістаннан Петропавлға дейін, Ақтаудан Қатон-Қарағайға дейінгі аралықтағы тұрғындар өз қолтаңбасын қалдыру арқылы бастаманың бір бөлшегіне айнала алады. Жоба ел ішіндегі бірлік пен ортақ жауапкершілік идеясын насихаттауға бағытталған.
Ашылу салтанатында алғашқы қолтаңбаны белгілі қазақстандық ғалым, техника ғылымдарының докторы профессор Досым Сүлеев қойды. Іс-шараға университет басшылығы, қоғам белсенділері, медиа өкілдері мен студенттер қатысты.
Жоба авторы – университеттің қауымдастырылған профессоры, «Туран ТВ» телеарнасының журналисі әрі қоғам белсендісі Мадина Ашилова. Оның айтуынша, «1001 тарих» – әр қазақстандықтың жеке оқиғасы арқылы елдің тұтас бейнесін қалыптастыруға бағытталған бастама.
Алдағы айларда автокөлік еліміздің түрлі өңірлерін аралап, мыңдаған адамның қолтаңбасын жинайды. Ұйымдастырушылар бұл жобаның тек рекорд орнатумен шектелмей, қоғамды біріктіретін символдық қозғалысқа айналатынына сенім білдіріп отыр.

