STEPPENEWS.KZ: Қасым-Жомарт Тоқаев сумо спортының отаны – Жапония мемлекетінде зор жетістікке жеткен қазақстандық балуан Ерсін Балтағұлмен кездесті. Президент спортшыны былтыр Император кубогында «маэгашира» атағын, яғни сумо балуандарының ең жоғары дәрежесін иеленіп, жарыс қорытындысы бойынша «Канто-се» («жауынгерлік рух») арнайы жүлдесін алуымен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған марапаттың табандылық пен қажырлы еңбектің жемісі екенін атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгінде шет мемлекеттерде еліміздің атын шығарып жүрген жастардың қатары артып келе жатқанын, мемлекет таланттар мен спортты қолдауға ерекше көңіл бөлетінін айтты.
– Жапонияға барған сапарымда сізді Императордан бастап қарапайым халыққа дейін бәрі танитынын, құрметтейтінін байқадым. Бұл – зор мәртебе. Жапонияда тұрсаңыз да қазақтың атын шығарып, еліміздің беделін биіктетіп жүрсіз. Сізге ерекше ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Ерсін Балтағұл Президентке ілтипат көрсеткені үшін алғыс айтып, алдағы уақытта еліміздің жас спортшыларымен кездесуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
– Қазақстанның азаматы ретінде мақсатымыз – еліміздің көк туын 120 миллионнан аса халқы бар Жапонияға таныту болатын. Осы бағыттан таймай, еңбек етіп келеміз. Сондай-ақ Италиядағы Қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленген отандасымыз Михаил Шайдоровтың айтулы жетістігімен Өзіңізді және барша қазақстандықтарды құттықтаймын, – деді Ерсін Балтағұл.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев балуанға алдағы уақытта да халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ел абыройын асқақтата беруіне, сондай-ақ Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты нығайтуға үлес қоса беруіне тілектестік білдірді. Президент спорт саласындағы елеулі еңбегі үшін сумошы Ерсін Балтағұлды ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

