STEPPENEWS.KZ: Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалығымен Ақордада Digital Qazaqstan жобасының жүзеге асырылуына арналған жұмыс кеңесі өтті. Мемлекет басшысы мемлекеттік құрылымдар жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында ауқымды жұмыс атқаруы қажет екенін атап өтті. Негізгі мақсат – озық технологиялар мен жасанды интеллектіні ел өмірінің барлық саласына кеңінен енгізу.
– Ең алдымен, қолайлы институционалдық, құқықтық және іскерлік орта қалыптастыру қажет. Қазақстан – ыңғайлы және озық цифрлық реттеу жүйесін енгізген елдердің қатарында. Біз бұл жұмысты алғашқылардың бірі болып бастадық. Атап айтқанда, елімізде Цифрлық кодекс қабылданды. Жасанды интеллект туралы арнайы заң күшіне енді. Бірақ бұл тек ауқымды жұмыстың басы ғана, мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Әлемде болып жатқан өзгерістердің қарқыны өте жоғары. Оны жақсы білесіздер. Ғылым, білім, технология аса жоғары жылдамдықпен дамып жатыр. Сондықтан нормативтік құжаттарды да дер кезінде жаңартып отыру керек. Бір сөзбен, қазіргі заманда әрбір азаматқа түсінікті және айқын болатын «Цифрлық мемлекет» ұғымын қалыптастыру қажет, яғни Digital Qazaqstan стратегиясы азаматтар мен бизнестің нақты талап-тілегін ескеруге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Digital Qazaqstan халық мүддесіне қызмет ететін маңызды құжат болуы тиіс.
Сонымен қатар, шұғыл шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер де бар. Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат қызметін цифрландыруды жеделдету қажет екенін атап өтті.
– Мемлекеттік аппарат қызметін цифрландыруды жеделдету қажет. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа ауыстырылған. Ведомствоаралық ақпарат жүйелері біріздендірілген үдеріске кіріктірілмеген. Жеделдік пен сапа барлық кезеңде басымдыққа айналуға тиіс. Бұған дейін айтқанымдай, адамдарды жүгіртіп, әуре-сарсаңға салмай, деректерді барынша қолжетімді еткен жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Digital Qazaqstan стратегиясында қағазбастылықтан арылып, ішкі процестерді түбегейлі қайта құруға басымдық берілуі керек.
Цифрландыру мен бюрократия от пен су сияқты бір біріне кереғар құбылыстар. Біз заманауи технологияларды ескірген бюрократияның тар шеңберіне қамауға тырыспай, жаңаша жұмыс істеп үйренуіміз керек. Заманауи цифрлық мемлекет жасанды интеллектіге бейімделуге және ауқымды деректер қорын оңтайлы пайдалануға міндетті. Осынау жаңа әрі күрделі саланың маманы – сіздер. Қайткенде де, солай аталасыздар. Ендеше не тұрыс? Бізге нәтиже керек. Жасанды интеллект туралы жаңалықтарды үнемі оқып отырамын. Технологияның қарқынды дамып келе жатқаны соншалық, Қазақстанның цифрлық келешегіне алаңдай бастайсың. Меніңше, процесс өте баяу жүріп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Кеңес барысында Президент Үкіметке мемлекеттік аппаратты түбегейлі трансформациялау міндетін жүктеді. Бұл жұмысты үйлестірумен Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі айналысады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ведомство жыл соңына дейін өзгелерге үлгі көрсетіп, азаматтармен, бизнеспен және мемлекеттік органдармен қарым-қатынастың жаңа форматына бірінші болып көшуі тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар Президент AI-Sana бағдарламасын одан әрі дамытып, нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды.

