ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова Батыс Қазақстан облысындағы мектепте оқушының пышақталуына қатысты ресми түсініктеме берді.
Оның айтуынша, зардап шеккен оқушыға медициналық көмек көрсетілді, жағдайы тұрақты. Оқиға орнында білім басқармасының мобильді тобы құрылып жұмыс істеп жатыр, оның құрамында өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл де бар. Мектеп әкімшілігімен, ата-аналармен және оқушылармен түсіндіру шаралары жүргізілуде.
«Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі («Бұзақылық») бойынша іс қозғалды. Қол жұмсаған жасөспірім ұсталып, материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданды», — дейді ол.
Барлық тарапқа облыстық психологиялық әдістемелік орталық мамандары психологиялық көмек көрсетуде. Ертең ата-аналар жиналысы мен сынып сағаттары өтеді.
Насымжан Оспанова мектепте психологиялық ахуалды бағалау жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ мектеп әкімшілігі іс-әрекетіне және әрекетсіздігіне құқықтық әрі басқарушылық баға беріледі.
«Бұл — жай ғана кикілжің емес, бұл екі жасөспірімнің тағдырына таңба түсірген оқиға, яғни ересектердің назарынан тыс қалған жағдай. Жасөспірімнің агрессиясына ерік беріп, өз-өзіне ие бола алмау орны толмас қайғыға ұласпауға тиіс. Баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне, мектептегі моральдық және психологиялық ортаға жауапкершілік — бәрімізге ортақ міндет. Бұл жауапкершіліктен ешкімнің, соның ішінде лауазымды тұлғалардың да бойын аулақ салуға құқығы жоқ», — деп түйіндеді комитет төрағасы.
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы мектепте бір оқушы екіншісін пышақтап тастады. Полиция қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеуді бастады. Кәмелетке толмаған күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Оқиғаға қатысушылардың заңды өкілдері бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін жауапқа тартылады.