STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда мектеп директорларын тағайындау жүйесін қайта қарау ұсынылды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, енді білім беру ұйымдарының басшылары екі жылдық мерзімге тағайындалып, жұмыс нәтижесіне қарай тағы екі жылға қалдырылуы мүмкін.
Министр бұл бастаманы 14 қаңтарда өткен Оқу-ағарту және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында мәлімдеді. Оның сөзінше, директор қызметінің тиімділігі нақты көрсеткіштермен бағалануы тиіс.
«Министр ретінде позициям, директордың қызмет мерзімі екі жыл болуы керек. Екі жылда білім сапасы, балалардың нәтижесі жақсы болып, қауіпсіздік мәселесі, мұғалімдердің біліктілік мәселесі жақсы жолға қойылса, директордың жұмыс мерзімін бір мәрте тағы екі жылға созуға болады. Қазір бұл мәселе министрлікке бұйрық ретінде енгізілді», – деді министр.
Қазіргі таңда Қазақстанда мектеп директорлары төрт жылдық мерзімге тағайындалады. Алайда салада басшыларды ауыстыру үдерісі жүйелі жолға қойылмаған. Министрліктің 2021 жылғы дерегіне сәйкес, кейбір білім беру ұйымдарында директорлар он жылдан астам уақыт бойы бір орында отырған.

