Мейірбике мамандығы көпшілікке таныс, бірақ шынайы маңызын көбіміз терең түсіне бермейміз. Бұл кәсіп иелері күн сайын адамдардың саулығы, тыныштығы мен өмір сапасы үшін күреседі. Әсіресе ауылдық жерлерде еңбек ететін мейірбикелердің еңбегі ерекше құрметке лайық. Себебі олар дәрігер мен науқастың арасындағы алтын көпір іспетті, деп жазады Azattyq Rýhy.
Солардың бірі – Ақмола облысы Біржан сал ауданы Мақпал ауылында еңбек етіп жүрген мейірбике Әлия Хасенова. Ол осы ауылда 30 жылдан астам уақыт бойы халыққа адал қызмет етіп келеді.
Әлия Ғаббасқызы 1969 жылы дүниеге келген. Үлкен отбасындағы сегіз баланың кенжесі болған ол еңбекқор ата-анасының тәлімін алып өскен.
«Анам 40 жыл бойы колхозда сауыншы болып еңбек етті, ал әкем ауылдық басқару қызметтерінде істеді. Әкемнің сырқаттанып қалған кездері мені қатты әсер етті. Сол кезде «бір күні дәрігер не мейірбике болып, әкем секілді жандарға көмектесемін» деген ой бойыма сіңіп қалған шығар», – дейді Әлия Ғаббасқызы.
Арман жетелеген ол Көкшетау қаласындағы медициналық училищеге түсіп, 1989 жылы мейірбике мамандығын алып шығады.
Еңбек жолын Степняк қаласындағы балалар бөлімшесінде бастаған жас маман кейін Бұланды және Қоғам ауылдарында қызмет атқарады. Ал 1995 жылдан бастап өмірлік серігін тауып, Мақпал ауылдық амбулаториясында тұрақтап қалады.
Қазір ол ауылдың тәжірибелі, жоғары санатты мейірбикесі. 2018 жылы біліктілігін арттырып, жоғары санат алу арқылы өз ісінің кәсіби маманы екенін дәлелдеген.